Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарының аясында Әлихан Смайылов «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны коммерциялық техника өндіретін Hyundai Trans Almaty зауытында болды. Зауыт 2011 жылдан бері шағын, орта бизнеске және мемлекеттік мекемелерге арнап автобустар, реанимобильдер, бортты жүк көліктерін, изотермиялық және өнеркәсіптік тауарларға арналған фургондар, рефрижераторлар, өрт сөндіру көліктерін, қоқыс тасығыштар, су тасығыштар, эвакуаторлар және басқа да жүк таситын мамандандырылған техника өндіреді.
Кәсіпорын Hyundai County, өзі аударғыш жүк автокөліктерінің, МАЗ брендінің астық тасымалдайтын көліктерінің ұсақ түйінді өндірісін игерген болатын.
2022 жылы Hyundai Trans Almaty кәсіпорынды кеңейтудің, жабдықтардың жаңғыртудың кезекті кезеңін аяқтап, шанақты дәнекерлеуді және бояуды қамтитын ЕУРО-5 стандартты Golden Dragon автобустарының ұсақ түйінді өндірісін игерді.
2023 жылдың бірінші тоқсанында зауыт Hyundai EX6, EX8 және EX9 орташа тоннажды жүк автокөліктерінің ұсақ түйінді өндірісі бойынша конвейерлік желіні іске қосты.
2024 жылдың шілде айына қарай кәсіпорын келесі кезекті жүзеге асыруды жоспарлап отыр: өндірістік алаңдар кеңейтіледі, қызметкерлер штаты 350 адамға дейін ұлғаяды, Hyundai County жаңартылған моделін және Hyundai Porter аз тонналық жүк автокөлігін өндіру бойынша ұсақ түйінді конвейерлік желі игеріледі.
2023 жылы Hyundai Trans Almaty Қазақстан өңірлерінде мектеп автобустары паркін жаңарту республикалық бағдарламасының шеңберінде мектеп автобустарының алғашқы жеткізілімін жүзеге асыруды бастайды. Кәсіпорынның өндірістік алаңдарында Golden Dragon заманауи, кең, жарқын және қауіпсіз мектеп автобустарының өндірісі жүзеге асырылып жатыр.
«12 жыл ішінде кәсіпорын нарықтағы өз позициясын едәуір нығайтты. Біз компанияның өнім желісіне инвестиция салу және оны кеңейту жоспарларын құптаймыз. Мемлекет басшысы қала әкімдігінің алдына халықтың жүріп-тұруына ыңғайлы көлікпен қамтамасыз етіп, экологияға тигізетін зардаптарды азайту міндетін қойды. Сондықтан бұл өндіріс тек қала үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де зор маңызға ие», — деді Премьер-Министр. Сондай-ақ Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің шешімін табуға жәрдемдесетінін айтты.
Hyundai Trans Almaty зауыты техниканың әртүрлі модельдерін дәнекерлеудің, бояудың есебінен жергіліктендіруді тереңдетуде. Hyundai Trans Almaty кәсіпорнының қызметі мемлекеттік мекемелерге автопарктерін тез жаңартуға, ал отандық компанияларға бизнестерін дамытуға тиімді инвестициялар жасауға мүмкіндік береді. Кәсіпорында шығарылатын өнімнің басты артықшылығы – бағасы мен сапасының арақатынасы.
«Hyundai Trans Almaty құрылысына және кәсіпорынды жабдықтауға біз 6,6 млрд теңге жұмсадық. 12 жылдың ішінде мемлекеттік бюджетке түскен салық аударымдарының жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асты. Толық циклға өткеннен кейін зауыт Golden Dragon автобустарын дәнекерлеу және бояу технологияларын игерудің есебінен өндірістегі қазақстандық қамту үлесін арттырды, қосымша жұмыс орындарын ашты, өндірістік қуатын өсірді, бұл отандық автоөнеркәсіптің экспорттық әлеуетін дамытуға жаңа серпін береді» – деп атап өтті «Астана Моторс» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.
2019 жылдан бері Hyundai Trans Almaty кәсіпорнында Hyundai H350 моделінің, соның ішінде Hyundai H350 Ambulance реанимобильдерінің өндірісі жолға қойылған. Бүгін премьер-министрдің Алматы қаласына жұмыс сапарының шеңберінде Нұрлан Смағұлов жеке Қоры ақысыз негізде Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қаладағы медицина мекемелеріне арнап Германиядан және Италиядан әкелінген дефибрилляторлармен, жасанды тыныс алу (ЖТА) аппараттарымен, электрокардиографтармен (ЭКГ) және басқа да медициналық құралдармен жабдықталған С класты екі H350 Ambulance реанимобилін табыстады.
Сонымен бірге премьер-министр «Астана Моторстың» даму жоспарымен, соның ішінде Алматы Индустриалдық аймағында техникалық кластер құру және дамыту бойынша жоспарымен танысты.
«Біз Алматы Индустриалдық аймағында автоөнеркәсіп кластерін құрып жатырмыз, онда автокөлік орындықтарының, мультимедиа жүйелерінің, пластик және резеңке бұйымдардың өндірісі жергіліктендірілетін болады. Алматыда технопарктің құрылуы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына, машина жасау саласындағы білікті кадрлар жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.
Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың қарашасында «Астана Моторс» Алматы Индустриалдық аймағында Chery, Haval және Changan брендтерінің автокөліктерін дәнекерлеумен және бояумен бірге ұсақ түйінді өндіруге арналған толық циклды мультибрендті зауыттың құрылысына кірісіп кеткен болатын.